2023 жылғы 13 желтоқсан күні Павлодар облысының Білім беру басқармасы мен Білім беруді дамытудың инновациялық орталығы «Мектепке дейінгі және мектептегі білім берудің сабақтастығы: тәжірибе шеберханасы» тақырыбында мектеп және балабақша меңгерушілеріне, әдіскерлер мен тәрбиешілерге, мектепке дейінгі ұйымдар педагогтеріне және бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған IІ Республикалық Форум өткізді.
Форумға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім Академиясының қызметкерлері, ҚР ОАМ «Балаларды ерте дамыту институты», ЖОО ғалымдары, әдістемелік орталықтардың/кабинеттердің әдіскерлері, ПШО филиалының тренерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Алматы, Астана, облыстарынан мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері қатысты.
Конференция ұйымдастырушыларына 200-ден астам баяндама келіп түсті. «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен мектептердің өзара іс-қимылын және кәсіби қолдауын стратегиялық басқару», «Мектепке дейінгі дайындық - мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш мектептің сабақтастығы факторы», «ХХІ ғасыр құзыреттілігін дамытуға бағытталған тиімді тәсілдер мен инновациялық технологиялар» тақырыптық алаңдары педагогикалық қоғамдастықтың үлкен қызығушылығын туғызды.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтері, бастауыш сынып мұғалімдері білім беру процесін ұйымдастырудың инновациялық тәжірибесімен танысаты, балабақшада ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың тиімді тәсілдерін талқылады, ББМДҰ мен бастауыш білім беру қызметін тиімді ұйымдастырудың сабақтастығы бойынша инновациялық практикаларды жүзеге асыру тәжірибесін жинақтады.
Форум жұмысының қорытындылары бойынша баяндамалар жинағы электронды форматта (PDF) шығарылатын болады.